Тәшкеннен келген төрт ән

«Мен ұрлық қылғанда ай жарық болдының» кері келіп, мен блог аша қойып ем, «вордпрескомымыз» жабылып қала жаздап, жазғы демалысқа ешкімнен сұранбай
кететін сотқар қызметкерше, артында қалған жұртты ұлардай шулатып, екі ай хабарсыз кетпесі бар ма?

Әуелі, «біздің жұмыс орнымызда ғана ашылмай тұр екен» деген әңгіме шықты. Артынша, «Қазақтелеком» кінәлі деген қауесет тарады. Кейіннен, Ресейлік екі блогшының бүлдіргісі екен десті. Жұрт біржола күдерін үзе бастады.

Бағымыз бар екен. Әйтеуір жігіттерге күнімізді түсірмеді. «Қазжурдан» блог ашып берші» деуден ұялыңқырап жүргенде, атыңнан айналайын өзіміздің вордпреском ашылыпты деп жұрттың осылай аяңдағанын көз көрді.

Сайт жабық екен деп, бүркеніп жатып алған жайымыз жоқ. Сіздерге айтар жаңалығым – дүниеге үш ән келді. Төртіншісі келейін-келейін деп жатыр. Ашып айтсам, ерте көктемде әуені гитарға, мәтіні қағазға түскен су жаңа үш әнімді Ташкент барып таспаға түсіріп қайттым.

  1. «Риясыз махаббат»
  2. «Нәзігім еркем»
  3. «Тұйық қыз»

Үш ән де көңілімнен шыққан секілді. Өңдеуі, аранжменті, өлеңдері (үш мәтіннің де авторы – Мұрат Есжан – «Тұспалсөз») ойдағыдай болды деп ойлаймын. Ташкенттегі музыкант бауырлардың кәсібилігіне тағы бір тәнті болдым. Бәрі де жанды дауыспен жазылды. Яғни, гитара, скрипка, виолончель, домбыра сынды саз аспаптарының бәрі студияда ойналды. Өзімнің де дайындығым жаман болмаған сияқты. Төрт жылдан бері ән жазбай, студияны әбден сағынып қалған екенмін. Бір үлкен ләззат алып қайттым. Ал енді 4-әннің жайына келсек, ол әннің аты – «Гүлстан Қазақстаным!». Менің тәуелсіздіктің 20 жылдығына жасаған тартуым болмақ. Ол ән өңделу үстінде, алдағы онкүндікте дайын болып қалады, Алла қаласа. Сөзін жазған – Балғынбек Имашев.

Әзірге айтарым – осы. Әндердің барлығы да клипке сұратынып тұр деуге болады. Клипті «Гүлстан Қазақстанымнан» бастасам ба деп отырмын. Әндерді жақында радиоларға беріп, жинақтарға ұсынам, сол кезде мр3 нұсқасы блогқа да ілініп қалар.

Posted in Жаңа піскен ыстық ән, Ән туралы әпсәна | Tagged , , , , | 3 пікір

Көмек керек!

Келмей жатып, көмек сұрады деп айыпқа бұйыра көрмеңіздер. Солай боп қалды. Оның үстіне Қалдықыз қарындасымның “”көмек керек болса, қатырамыз” деген уәдесі қамшылап жіберді ме, өздеріңізді асарға шақырмақпын.

1-жәрдем. “Мына кісі келерін келіп алып, не жазған посты жоқ, не салған әні жоқ” деп жазғырмағайсыздар. Алматы мен Астананың арасында шапқылап, жаһанторға жайғасып отыруға уақыт болмай кетті. Көмектеріңіз сол болсын, менің блогымнан және менен күдер үзбей, келіп тұрғайсыздар.

2-жәрдем. Мен блогымды кайтсем кызыкты ете аламын. Журналист емеспін мақала жазып, ой қозғап, талқы жасайтын. Менің блогым қайтсем қызықты болуы мүмкін? Қайткенде өзіме де, өзгеге де пайдалы қыла алам? Осыған ой қоссаңыздар.

3-жәрдем. Жарайды, осы екі жәрдем де жетер. Сұраншақ көрші сияқтанбай осымен доғарайық.

Posted in Сұрақ - сізден... | Tagged , , , | 3 пікір

Ассалаумағалейкум, алты алаштың баласы!

Алыстан ат терлетпесек те, Астананың төрінде жатып, блогшы қауым салған осынау қалашыққа кіріп-шығып тұратын әдет бар еді. Әркім шамасынша жер алып, қалауынша үй сала беретін осы қалашыққа мен де бір қоңсы қонуды ойға алып жүргем. Ақыр жер тегін болған соң, оның үстіне кейбір жігіттер “ой, аға, қам жемеңіз, екі бөлмелі тоқал там болса да, алғашқы баспанамызды өзіміз тұрғызып береміз, сосын жай-жай кеңейтіп аласыз ғой” дегесін, жеке сайттан коттедж салам деген ниетімді ысыра тұрып, сіздердің ауылға кеп қалдым. Қарсы алғанда құшақ жаю-жаймау өз еріктеріңізде, бірақ көшеде көргенде жылы қабақ танытып, анда-санда сылақ иісі кетпеген үйшігіме кеп, ән ауыз тиіп кетіп жатсаңыздар, соған да ризамын.

Мен енді болашақта үйімнің қандай болатынын кесіп-пішіп айтпай-ақ қояйын. Мұнда толық көшіп келген жоқпын. Ең керек-ау деген жүктерімді, яғни әндерімді жүктеп қоятын шығармын. Сосын бір жағдай болғанда ауыр-ауыр дүниелерім, клиптерімді тасып алсам, әрине, бәрін бірден емес қой, бір-бірлеп. Жаңа жиһаздарды бірден осында жеткізіп алам. Шамамен, елестеткен шығарсыз. Иә, сондай болады.

Қонаққа келіңіздер, күтем. :)

Posted in Жаңа піскен ыстық ән, Клипті көрмекке..., Сұрақ - сізден..., Ән туралы әпсәна | Tagged , , | 6 пікір